ҚАЗАҚТЫҢ ЗАРЫ – ТАПТАЛҒАН АРЫ...

«Бұл қашан шығады – деп, – алтын арай?»

Шаршадым,
Көкжиекке
Қарай-қарай.
Шыдатпай,
Удай өксік
Лықсығанда,
Шығады
Көкіректен
Ащы зар-ай!
Шошытты
Сүреңімен –
Өлі дала,
Іздедім тіршілікті көзім тала:
Баяғы жер қайысқан малы қайда?
Қалыпты,
Мал дегеннен –
Ақсақ тана...
Сұрапыл соғыс жүріп өткендейін,
Түтіні шаңырақтың өшкендейін:
Не жаздық,
Бұл Тәңірге
Соншалықты,
Тарихтың,
Сиқы мұнша
Кеткендейін?!
Сатқанда –
Жер-Ананы
Опасыздар,
Уа, Халқым!
Қандай ақыл қосасыңдар?
Саудаға ұл-қызыңды салғанында,
Ал нені,
Содан артық
Тосасыңдар?!
Атомның қалдықтарын үйіп жатқан,
Ісі емес,
Есі саудың –
Құдай атқан!
Қантөгіс бітер емес
Жаңаөзенмен,
Бұл жауыз,
Қанға жерік –
Дәмін татқан...
Макс пен Талғат сынды батырларды,
Сұмырай,
Қорыққанынан жақтырмады...
Қасқайып,
Қарсы тұрып –
Айдаһарға:
Ерлерім,
Туған жерін
Саттырмады!
Ақылым –
Тиіспеңдер жерімізге!
(Айналып кетсе-дағы көрімізге)
Қытайды шығармаймыз төрімізге!
Қазақтың,
Тағдырымен ойнап болсаң
Қоздатпа,
Тие берме
Шерімізге!
Лап етіп,
Тұтанамыз,
Осы анық,
Шыдамас,
Қорлығыңа,
Енді халық!
Халдерің
Мүшкіл болар,
Атойласам
Қыл қапқан жырларымды отқа жанып...

Қуаныш МҰҚТАЙ
ақын, қоғам қайраткері
01.09.17 жыл
шаблоны для dle 11.2
+4


Добавить комментарий

Оставить комментарий

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив